Бірінші тәуліктерде операциядан кейінгі науқасты бақылау

· Операция жарасы жабылған таңғышты (таңғыш қанға боялса дәрігерді шақыру).

· Тері жамылғысының түрін, науқастың денесінің қызуын (тері жамылғысы мен шырышты қабатының бозара бастауы екіншілей қансырауды білдіреді).

· Жүрек – қан тамырлар жүйесін (қан қысымын өлшеу, жүрек соғуын санау). Науқастың денесінің ыстығының операциядан кейін көтерілуіне, қансырауға байланысты жүрек соғу жылдамдығы жиілейді. Науқастың денесінің ыстығы бір гр С көтерілгенде, жүрек соғуының жиілігі онға артады. Егерде науқастың жүрегінің жиілігі дененің ыстығынан жоғары болса немесе дененің ыстығы төмендейді, бірақ жүрек жиі соға бастаса, ол жақсы белгі емес.

· Тыныс жүйесін (тыныс алу қозғалысының жылдамдығын). Тыныс алу жеткіліксіздігі дамуы мүмкін: қақырықтан аспирация, миорелаксанттан кейін дамыған бұлшық еттің жыйрылуының төмендеуі. Осы асқынуларды болдырмау үшін интубациялық түтікшені науқас өздігінше тыныс алу дәрежесіне жеткенде суырып алу, сонда газ алмасу жеткіліксіздігі байқалмайды.

· Ас қорыту жүйесін (науқастың ауыз қуысын, ішектің функциясын бақылау). Ішек кепкен кезде, гипостатикалық (тоқыраулы) пневмония болып қалмас үшін жел шығаратын түтікшені тік ішекке қою, гипертониялық ертіндімен клизма жасау.

· Несеп шығару жүйесін. Кейбір кездерде операциядан кейін науқаста несеп шығу бұзылады – несеп тоқтап қалу. Оның себебтері: ауру сезіміне байланысты іштің алдыңғы қабатының бұлшық еттерінің жыйырылуының босаңсуы және науқастың кереуетте жатып несеп шығара алмауы, көбіне рефлекторлы түрде. Бұл кезде рефлекторлы түрде несеп шығаруға тырысу керек, нәтиже шықпаса катетер қою.

· Нерв жүйесін. Науқасқа толық физикалық және психологикалық тыныштық керек, әсіресе қалыпты ұйқы. Науқас ұйықтай алмайтындай болса, тез әлсіздік және салмақ жоғалтатындықтан жараның жазылуы нашарлап, науқас стационарда көп уақыт емделуге мәжбүр болады.



Іш қуысының ағзаларына жасалған операциялардан

Кейін науқасты бақылау және күту

Іш қуысының ағзаларына операция жергілікті және жалпы жансыздандырулармен жасалынады. Бірінші сағаттарда науқастың төсекте жатуы және оларға көрсетілетін күтім жансыздандырудың түріне байланысты.

Операциядан кейінгі уақытта жиі кездесетін және ерте дамыйтын асқынуларға асқазан - ішек жүйесі жағынан асқазан мен ішектің тонусының әлсіреуі жатады. Асқазанға операция жасалынғаннан кейін науқастың төс асты аймағында салмақтық және ауру сезімдері, лоқсу, құсу (асқазанның парез симптомдары) белгілері білінеді. Бұл кезде науқастың асқазаны сұйықтыққа толып кеткен: асқазан сөлі, ішектен кері аққан сұйықтықтан. Науқастың жағдайын жеңілдетуге дәрігердің нұсқауымен асқазандағы сұйықтықты сыртқа шығару үшін жіңішке зонд қолданылады. Асқазан мен он екі елі ішектің перисталтикасын қоздыру үшін натрий хлордың гипертониялық ертіндісімен микроклизма жасалынады және венаға енгізіледі. Егерде ішектен жел шықпай жатқан жағдайда жел шығарғыш түтікше қою керек.



Науқаста дамып жатқан улануды жою үшін бұғана астына орналасқан венаға енгізілген бұғана асты катетері арқылы инфузиялық терапия жүргізіледі. Бұғана асты венасына катетер қойылатын себебі пункция жасаған кезде вена тамыры жыйырылмайды, онда қан айналу жылдамдығы жоғары, сондықтан енгізілген катетердің қабырғасында тромб пайда болу және фибриннің жабысып қалуы өте аз кездеседі (қазіргі кездерде катетер көбіне жалпы мойын веналарына орнатылуда).

Іш қуысының ағзаларына операциядан кейін көбіне назогастралды жіңішке зонд асқазанға қойылады, соның әсерінен ауыз қуысының өз бетімен тазалану процессі бұзылады. Күнделікті ауыз қуысына күтім жасалынбағандықтан және аз мөлшерде сілекей бөлінетіндіктен науқастарда жедел түрде катаральды стоматит, кейде одан асқыну пайда болып құлақ маңы безінде іріңді қабыну процессі дамыйды. Сондықтан жоғарыда көрсетілген асқынуларды болдырмау үшін әр жолы науқас тамақтанғаннан кейін кемінде күніне екі рет қызыл иекті, тілді және тістерді 2 % натрий гидрокарбонат, 1% натрий хлор немесе перманганат калий, элюдрил ертінділердің біреуімен сүртіп тұру қажет.

Асқазанға операция жасалынғаннан

Кейін науқасты күту

Операцияға дейін асқазан мен он екі елі ішектің жарасы тесіліп кеткен жағдайда медбикенің жедел көрсететін медициналық көмегі:

· Науқасқа ешнәрсе ішкізбеу керек;

· Ауру сезімін басатын дәрілер енгізбеу, ішкізбеу қажет.

Егерде науқастың жағдайы нашар болса 0,06 % - 1мл корглюконды физиологиялық ертіндімен венаға жайлап енгізіп, коллоидты (полиглюкин, реополиглюкин) және тұзды (физиологиялық ертінді) плазма алмастырғыш сұйықтықтарды венаға тамшылатып енгізуді жалғастырып науқасты ауруханаға тасымалдау қажет.

Асқазанға операция жасалынғаннан кейін науқастың асқынусыз жазылып кетуі операциядан кейінгі күтімге байланысты. Бірінші күндері науқас операциядан кейін реанимация бөлімшесінде болып, наркоздан оянғаннан кейін немесе жалпы жағдайы жақсарғаннан соң хирургиялық бөлімшеге қөшіріледі.

Медбике наркоздан кейінгі науқасқа сулы оттегімен тыныс алуды ұйымдастырып, сұйықтықты тамшылатып құю үшін жүйені толтырып, инфузияны ары қарай жалғастырып, гемодинамикаға бақылау жасайды. Ол үшін науқастың тыныс алу, жүрек соғу жылдамдығын, артериялық қан қысымының мөлшерін, алшақ орналасқан қан тамырларының толуын бақылайды. Сонымен бірге науқастың терісінің және шырышты қабаттардың түрін, операциялық жараның үстіндегі таңғыштың құрғақ екендігін бақылауды естен шығармайды. Іш қуысына қойылған дренажды тексеріп, оның сыртқы ұшын Бобров аппаратына жалғастырады (бейжай дренаж) немесе дәрігермен бірге белсенді автоматты тәртібте қызмет атқаратын электр жұтқызғышқа қосады

Науқас наркоздан оянғаннан кейін оны жартылай отырғызып, тыныс алу функциясын жақсарту үшін және операциядан кейінгі өкпеде болатын асқынулардың алдын алу үшін ем жүргізеді:

· операциядан кейін бірінші сағаттарда науқас сулы оттегімен тыныс алады (көрсеткішке байланысты кейде бірнеше сағат) ;

· ауру сезімін басу үшін жансыздандыратын препараттар енгізіледі;

· трахея-бронхтарға жыйналып қалған секреттерді сыртқа шығару үшін физикалық жаттығуларды бірінші тәуліктерде әрбір 2-3 сағат сайын жасайды;

· содан кейін 4-6 сағаттан кейін, үшінші тәуліктен бастап күніне 1-2 рет жасайды;

· сонымен бірге шырышты қабатқа әсер етпейтін, бірақ жыйналып қалған қақырықты жібітіп, сыртқа шығуын жеңілдету үшін әрбір күні 3-4 сағат сайын протеолиттік ферменттермен (химопсин, трипсин, имозимаза) аэрозольды терапия жүргізіледі.

Операциядан кейін науқасқа екі тәулікке дейін сұйықтық ішуге рұқсат етілмейді. Сол үшін медбике өте ұқыпты түрде әрбір күні науқасқа сұйықтық қабылдауға болмайтындығын ескертеді. Бірінші күндері операциядан кейін сілекейдің шығуын азайту үшін науқасқа атрофин сульфат тағайындалады, сілекей соған қарамастан жыйналып қалған жағдайда, науқас оны жұтпайды, арнайы ыдысқа түкіруі қажет (сол үшін науқасқа алдын ала арнайы ыдыс беріледі).

Науқасқа сұйықтық қабылдау операциядан кейін екінші күндері рұқсат етіледі, бір тәулікте бір стаканға дейін. Сондықтан науқас әр жолы кішкене мөлшерде сұйықтықты жұтуға тиіс. Операциядан кейін бірнеше күннен соң, оның жалпы жағдайына байланысты оған әр жолы 40 - 50 мл 5-6 рет тәулігіне сұйық тамақ қабылдауға рұқсат етіледі. Емдәмді бірте –бірте кеңейтіп, бірнеше күн өткеннен кейін емдәмдік №1 тағайындалады.

Операциядан кейін науқас көбіне назогастральды зондпен бөлімшеге түседі. Осындай жағдайда науқасты зонд арқылы тамақтандыруға болады.

Егерде операциядан кейін науқастың жалпы жағдайы көтеретін болса, оған жайлап жүріп, тұруға рұқсат етіледі. 7 – 8 күннен кейін операциялық жарадағы тігістерді алып, науқасты бөлімшеден шығарар алдында ешқандай асқынулар байқалмаса, науқасқа қайтадан лабораториялық тексерістер жүргізіп, оның нәтижесінде ешқандай ауытқулар жоқ болған жағдайда науқас емді амбулаториялық жағдайда жалғастыра алады.


2775395660602010.html
2775472991792549.html
    PR.RU™